Қазақстан президенті Каспийдегі апаттан аман қалған әскерилерді марапаттады, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Марапатталған әскери қызметшілер
- 01Қуандық Бекет Бақтыбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
- 02Темірхан Ақжол Тимурұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
- 03Удалов Никита Александрович – 29011 әскери бөлімінің маманы (санитариялық нұсқаушысы).
Апат туралы мәліметтер
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында қайғылы жағдай болды. Каспий теңізіндегі ашық оқу-жаттығулар кезінде 17 әскери қызметкер суға кетіп, 14-і көз жұмды, үшеуі аман қалды.
Күні кеше Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды.
Бұған дейін әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.
Президент бүгін Дәурен Қосановты қорғаныс министрі лауазымынан босатты. Оның орнына Айдос Мырзахметов басшы болып келді.
