Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халықаралық федерациямен ынтымақтастықты ілгерілетуге айрықша мән беретінін жеткізді. Президент ел жастарының үстел теннисіне қызығушылығы арта түскенін атап өтті.

Қазір Қазақстанда 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш үстел теннисінің елде кең таралып, жастар арасында танымал бола түскенін көрсетеді.

Ақорда хабарламасында атап өтілгендей, мемлекет спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін арнайы инфрақұрылымды дамыту ісін қолға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада үстел теннисінен өтетін әлем чемпионатын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді. Бұл Орталық Азияда аталған спорт түрі бойынша өтетін алғашқы біріншілік болмақ.

Әңгімелесу барысында алдағы әлем чемпионатының тарихи маңызына мән берілді. Бұл жарыс үстел теннисінің Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақта да қанат жаюына айтарлықтай жол ашатын болады.