Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған бүгінгі жолдауында инфляция туралы да айтты. Ол макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн екенін жеткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту», – деді Тоқаев.
Президент ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет екенін ескертті.
«Сипаттап айтар болсақ, инфляция – азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіретін үнсіз жау. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Бұл – аса маңызды міндет», – деді Тоқаев.
Осы орайда президент Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек екенін, сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтты.
Сонымен қатар жолдауда Тоқаев жәрдемақы тағайындаудың жаңа жүйесіне қатысты да пікір білдірді.
