Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясы Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтіп, өндірісті локализациялауды одан әрі тереңдету, автобөлшектерді көптеп шығару және экспорттық саладағы әлеуетін нығайту шараларының маңызына тоқталды.

Бұл ретте Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттары ерекше рөл атқарады.

«Осы орайда, Президент Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру, өндірістің толық циклін дамытуға ден қою сынды перспективті міндеттер айқындалғанын айтты. Мемлекет басшысы серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты ретінде электр көлігі саласына, яғни электромобиль өндірісі, оның қосалқы бөлшектері мен қуаттау инфрақұрылымын жасақтауға назар аударды», - деп жазылған хабарламада.

Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Hyundai Motor Group жетекшісі компания үшін Қазақстан нарық қана емес, ТМД елдері бойынша маңызды өңірлік орталық саналатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтты.

Ал Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосу ниетін мәлімдеді.