Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.
Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.
«Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекет тарапынан барша дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалатынын жеткізді.
«Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Олар елге жанашыр, табиғатқа қамқор, нағыз адал азамат болуын тілеймін. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдаймын. Мен жастарға сенемін!» – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына да алғыс айтты.
Салтанатты рәсімде президент халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады. Ал шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
