Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы бұл мерекенің қарым-қабілетімен, ақыл-парасатымен және қажырлы еңбегімен қастерлі Отанымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелері ұлықталатын, оларға құрмет көрсетілетін мерейлі күн екенін айтты.

«Өз ісін жетік меңгерген кәсіби маман болу – қазіргі заманның аса маңызды талабы. Білікті, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор және тәртіпті азаматтардың арқасында көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан мол табысқа жетуде», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев бүгінгі таңда Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын, алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Қазір қоғамымызда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты жаңа этика қалыптасып, былтыр Жұмысшы мамандықтар жылын атап өткенімізді де еске салды.

«Мемлекет алдағы уақытта да азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасай береді. Жастарға кәсіби білім беру, олардың еңбек дағдыларын ұштау, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойына аға буынның бай өмірлік тәжірибесі мен тағылымын сіңіру – аса маңызды міндет. Жастары жасампаз елдің болашағы да жарқын, дамуы да қарқынды болары айқын», – деді президент.

Тоқаев Қазақстан ынтымағы жарасқан, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас ұлт ретінде әділдік, табиғатты аялау, заң үстемдігі, өркендеу құндылықтары және, ең бастысы, еңбекқорлық қасиеті іс жүзінде орныққан ел болатынына сенім білдірді.