Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың хабарламасына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын айтты.
«Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келді. Қазақстанда көптеген үнді студенттері білім алып жүр. Сондай-ақ біз халықаралық ұйымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Нарендра Моди БРИКС саммитіне қатысқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзектілігіне назар аударды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде Ұйым мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер жүргізуді құптайтынын және оны ілгерілетуге ықпал етуге дайын екенін айтты», – деп жазылған хабарламада.
Көшбасшылар екіжақты күн тәртібіндегі нақты мәселелерді, соның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық жолдарын талқылады.
Тараптар Үнді елі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
