Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді. Қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі», - деді Тоқаев.

Айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді. Халықаралық қауымдастыққа қазақ Домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз.

«Ақын Қадыр Мырза Әлінің "Нағыз қазақ – Домбыра" деген тамаша теңеуі Домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс деп ойлаймын. 1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет шын мәнінде халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды», - деді президент.

Тоқаев ұлттық өнерімізді Қазақстанда, шет елдерде жоғары деңгейде насихаттауға өнегелі ісімен, салмақты сөзімен атсалысып жүрген барша адамға ризашылығын білдірді.