Қазақстан мен Черногория президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын», - деді Тоқаев.

Президент осы жылдарда екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнағанын және өзара ынтымақтастықтың мазмұнын байыта түсу керектігін айтты.

Черногория президенті өз кезегінде Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс білдірді.

«Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз», - деді Милатович.

Ол Черногория қазақстандықтар үшін танымал бағыттардың бірі екен, осы тараптағы байланысты күшейтуге мүдделі екенін жеткізді.