Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте сөз сөйлеп, су қауіпсіздігін әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде атады, деп хабарлады Ақорда.
«Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды», - деді Тоқаев.
Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу.
«ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін», – деп толықтырды президент.
Сондай-ақ Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
«БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды», – деді мемлекет басшысы.
