Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шынжыр табанды және дөңгелекті бронды машиналар шығаратын, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсететін Besqaru зауытына барды.
Президент өндіріс цехтарын аралап, құрастыру барысын өз көзімен көрді. Сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорынның технологиялық процестері мен өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.
Зауыт қандай техникалар шығарады
Компанияның мәліметінше, кәсіпорын жылына 200-ге дейін бронды техника құрастыра алады. Өнім қатарында суды кешіп өте алатын дөңгелекті Taimas 8×8 және Aibar 4×4 бронды машиналары бар.
Бұдан бөлек, зауытта Tulpar шынжыр табанды техникасы да құрастырылады. Кәсіпорын өнімдері Қорғаныс министрлігі мен өзге де күштік құрылымдардың қажеттіліктеріне бағытталған.
Жоба құны және жаңа жұмыс орындары
Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылған. Жалпы құны 13,5 миллиард теңге болатын жоба аясында 134 жұмыс орны ашылды.
Сапар барысында Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегі өнімді болуына тілектестік білдірді.