Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі және патшайымымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөз барысында президент Бельгиялықтар королі мен патшайымының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы қонақтарды Астанада қарсы алғанына қуанышты екенін білдірді.

"Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, келер жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.