Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл-Мазруи мен Абу Даби әмірлігі денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур әл-Мансуримен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақорданың хабарлауынша, Президент Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіретінін айтты. 2025 жылы елімізге Әмірліктерден 1,64 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 3,5 есе ұлғайған.

Кездесуде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән берілді. Бұдан бөлек, AD Ports Group компаниясымен бірлескен жобаларды іске асыру, Каспий теңізінде портты инфрақұрылым мен флотты дамыту, сондай-ақ Орта дәлізді нығайту мәселелері талқыланды.

"Сонымен қатар ТрансАуған дәлізінің перспективасы мен теңіз, теміржол, автокөлік және әуе тасымалы бағыттарындағы ұзақмерзімді серіктестікті қалыптастыру жайы қарастырылды. Жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы серіктестік те әңгіме арқауына айналды", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысы Presight AI компаниясымен суперкомпьютер инфрақұрылымы жобаларын іске асыру, Smart City және көлік қозғалысы бейнемониторингінің ұлттық жүйесін құру бойынша ықпалдастықты жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ делегациясы G42 компаниясының Екібастұзда "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" ауқымды экожүйесін құруға қатысу мүмкіндігін қарастырды.