Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Болашақ ойындарын» ашық деп жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде президент Ресей басшысы Владимир Путинге алғыс білдірді.
«Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы президент Владимир Путиннің арқасы деуге негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды», - деді президент.
Тоқаев бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Әбу-Дабиде жалғасын тапқанын еске салды.
«Ал бүгін бәріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отыр. Елордамызға 30-дан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді. Астанадағы «Болашақ ойындары» классикалық спорт пен кейбір индустрияны тоғыстырған фиджитал қозғалысқа тың серпін берді деп сенемін», - деді Тоқаев.
