Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Тоқаев Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Президент: «Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сіз арқылы АҚШ президенті Дональд Трампқа ыстық ықыласым мен ізгі тілегімді жолдаймын. Жыл соңына қарай біз кездесеміз деп ойлаймын. Сонымен бірге Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін ризашылығымды білдіремін», – деді.
Серджио Гор президент Трамптың Тоқаевтың қызметін айрықша бағалайтынын жеткізді. Арнайы өкіл: «Кейінгі жылдың өзінде 20 миллиард доллардан аса сомаға келісім жасалды. Бұл әлі бастауы ғана екеніне сенімдімін. Сіздің жыл соңында өтетін G20 саммитіне қатысатыныңызға өте қуаныштымыз», – деді.
Кездесу Ақордада өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымын, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды талқылады.
