Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы меймандарға олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударып, америкалық делегацияға елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде мәлімет берді.

Президент Конгресс мүшелерін еліміздің жалпыхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституциясындағы негізгі аспектілермен таныстырды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы сан қырлы қазақ-америка серіктестігі қарқынды дамып келе жатқанын айтып, президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін мәлімдеді.

Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ президентінің сәлемін жеткізді. Ол Тоқаевпен кездесер алдында Трамппен телефон арқылы сөйлескенін айтты.

"Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр", – деді Джейсон Смит.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.