Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII саммитінде халықаралық қауіпсіздікті нығайту, жасанды интеллектіні реттеу және су ресурстарын бірлесіп басқару бойынша бірқатар бастама көтерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекет басшысы ұйымның дау-дамайдың алдын алу мен бейбітшілікті нығайтудағы рөлін күшейту қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. «Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі», - деді президент.
Жасанды интеллектіні реттеу
Тоқаев жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы алаңдаушылық туғызатынын айтты. Оның пікірінше, технологияның мүмкіндіктері кеңейгенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты президент АӨСШК аясындағы сенім шараларының бес өлшеміне жасанды интеллектіні алтыншы бағыт ретінде қосуды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО-ның тұрақты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастыратынын мәлімдеді.
Қазақстан мен Әзербайжан цифрлық жобаны іске асырады
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кіріскенін хабарлады. Бұл жоба Еуразия кеңістігінде деректерді жылдам әрі қауіпсіз алмасуға мүмкіндік беріп, өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Су ресурстары бойынша серіктестік құру ұсынылды
Президент су тапшылығы мен экожүйелердің тозуы Азиядағы күрделі мәселелердің біріне айналғанын атап өтті. Осыған орай, технология алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және су үнемдеу шешімдерін дамыту мақсатында АӨСШК аясында су ресурстары жөніндегі серіктестік құруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ жүйесінде су мәселелері бойынша жаһандық күн тәртібін үйлестіретін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтергенін еске салды.
Көлік және энергетика саласындағы ынтымақтастық
Тоқаев АӨСШК-ге мүше мемлекеттерге өңірдің негізгі халықаралық көлік бағыттарын қамтитын ортақ көлік байланысы стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Оның ішінде «Бір белдеу, бір жол», Солтүстік – Оңтүстік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасы бар. Президент энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына да тоқталды. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Бұл бастама Каспий жасыл энергетикалық дәлізін қалыптастыруға негіз болады. Бұдан бөлек, Қазақстан Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнай тасымалдау көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Студенттерге шәкіртақы және ғалымдарға гранттар
Тоқаев адами капиталды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Қазақстан келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеулерге арналған стипендиялық бағдарламаны іске қосуды қарастырып отыр. Президенттің айтуынша, Қазақстан АӨСШК-ге мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы тағайындауға және ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге дайын.
