Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты шарада қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесі туралы айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Тағы бір өзекті мәселе. Өздеріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз», - деді Тоқаев.
Айтуынша, озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет.
«Соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды», - деді президент.
Тоқаев өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс екенін, ал мұның бәрі қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау басталатынын атап өтті. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет, деді мемлекет басшысы.
