Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының соңғы отырысында мұғалімдер мен дәрігерлердің беделін арттыру шаралары жалғасатынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2019 жылдан бері Қазақстанда шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан аймақта көш бастап тұр.
«Бұл ел дамуының нақты көрінісі екені сөзсіз. Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді», — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыру шарасы жалғаса береді. «Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты», — деп түйіндеді Тоқаев.
