Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдап, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы қаржы институтын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, ЕАДБ-ның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асырудағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтті.
«Николай Подгузовтың болжамынша, биыл еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі 5,5 пайыздан кем болмайды. Ол мұны инвестиция қарқынының артуына, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаларға және ішкі сұраныстың тұрақтылығына байланыстырды.»
—
Банк басшысы Тоқаевқа 2022-2026 жылдарға арналған стратегия аясында Қазақстан экономикасына 5,2 миллиард доллар қаржы құйылғанын жеткізді. Бұл көрсеткіш банктің алдыңғы 15 жылда салған инвестициясымен бірдей.
Бөлінген қаржының 2,1 миллиард доллары өнеркәсіпті, 1 миллиард доллары энергетиканы, тағы 1 миллиард доллары көлік инфрақұрылымын және 1,1 миллиард доллары қаржы секторын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізуге ерекше назар аударылып отыр.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан экономикасын орнықты дамыту үшін стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға келісті.
