Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Токаев бүгін, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінде қазақстандықтарға арнап үндеу жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы көп жылдар бұрын адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтірген Семей ядролық полигонының жабылғанын еске салды.

«Дәл 35 жыл бұрын күрделі халықаралық жағдайда Семей ядролық полигоны жабылды. Ол халқымыздың тағдырында ауыр із қалдырды. Бұл күн бүкіл адамзатқа сынақтардың қасіретті салдарын еске салып, олардың болашақта болмауына шақыру болып қала бермек», — деді президент.

Оның айтуынша, планетадағы төртінші ірі ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарта отырып, Қазақстан бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолында тарихи таңдау жасады. Бұл шешім қазақстандықтардың арман-тілектерін жүзеге асырып, мемлекетіміздің болашақ ұрпақ тағдырына деген жауапкершілігін көрсетті.

Жаңа Конституцияның кіріспесінде бекітілген барлық мемлекеттермен бейбітшілік пен достыққа ұмтылу Қазақстанның сыртқы саясатының өзгермейтін қағидаты болып қала береді.

«Біздің еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі ретіндегі ұстанымы өзгеріссіз: біз ядролық державалар арасындағы келіссөздерге, Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне және ядролық қаруды қолдану қаупін жоюға бағытталған батыл көпжақты іс-қимылдарға шақырамыз.

Атом энергиясы тек бейбіт мақсаттарға қызмет етуі тиіс. Жалпыхалықтық референдумда халқымыз ядролық энергетиканы дамыту бағытын берік қолдап, Қазақстанның экономикалық және ғылыми-технологиялық прогрессінің берік іргетасын ондаған жылдарға қалады.

Бұл стратегиялық таңдау елдің тұрақты дамуындағы жаңа кезеңді ашатын реформалардың маңызды бөлігі болып табылады. Қоғам өмірінің барлық салаларындағы ауқымды реформалар Әділетті, Прогрессивті, Таза Қазақстанды құруға бағытталған.

Біз бірге осы биік мақсатқа жетеміз деп сенемін», — деп түйіндеді Токаев.