Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын бекітті, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл құжат – жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданған маңызды шешімдердің заңды жалғасы. Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, стратегияның негізгі мақсаты – елдің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
««Стратегия Қазақстанда әлемдік ядролық экожүйеге интеграцияланған заманауи әрі тұрақты ядролық кластерді қалыптастыруға бағытталған. Бұл елдің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналуы тиіс», – деп хабарлады агенттік.»
—
Атом саласын дамыту стратегиясын іске асыру аясында 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш АЭС жұмыс істеп тұрады.
««Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсімін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасы қарастырылған. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қамтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атом энергиясы агенттігі.»
—
Сонымен қатар, ескірген көмір станцияларын атом қуатымен алмастыру үшін еліміздің қолайлы аймақтарында шағын модульдік реакторлар (ШМР) негізінде АЭС салу нұсқалары қарастырылады.
