Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Сербия президенті Александр Вучичті еліміздің ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Екі ел басшылары БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Қазақстан Президенті Сербияны еліміздің Балқан аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.
««Сербия – Балқан аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесіміз. Ынтымақтастығымыз достық пен ортақ мүддеге негізделген. Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде барлық деңгейде сенімге негізделген саяси диалог орнатып, экономика, сауда және инвестиция саласындағы байланысты арттырдық», – деді Президент.»
—
Қасым-Жомарт Тоқаев серб көшбасшысының екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, оған жоғары мемлекеттік награданы табыстау себебін түсіндірді.
««Бүгін мен Александр Вучич мырзаға Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс еттім. Бұл – қазақ халқының сізге және бүкіл Сербия халқына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі. Достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая беретініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.»
—
