Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа бойынша өткен республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Дауыс бергеннен кейін Мемлекет басшысы отандық және шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұл күннің еліміз үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін.»
—
– деді Мемлекет басшысы.
