Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасап, екіжақты қарым-қатынасты нығайтатын бірқатар маңызды құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Екі ел басшыларының қатысуымен денсаулық сақтау, құқықтық ынтымақтастық, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы әріптестікті тереңдететін меморандумдар бекітілді. Атап айтқанда, Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Сербияның Әділет министрлігі, сондай-ақ цифрлық дамуға жауапты министрліктер арасында келісімдерге қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария саласындағы ықпалдастық та назардан тыс қалмады. Екі елдің тиісті министрліктері осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Сонымен қатар, ғылым, жоғары білім, мәдениет және кино саласындағы байланыстарды дамытуға бағытталған құжаттар қабылданды. Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Сербияның даму агенттігі арасындағы келісім инвестиция тартуға жаңа серпін беруі тиіс.
