Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарға арнап үндеу жариялады. Ол бүкіл халықты тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, бүгін еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңі басталды. Бұл күн Наурызнама онкүндігінде ерекше орын алады, себебі қоғамның жаңғыруы табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр.
Сонымен қатар республика бойынша «Мөлдір бұлақ» бастамасы қолға алынды. Оның аясында бұлақтардың көзін ашу, тал егу, өзен-көл жағалауларын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғасады.
Тоқаев Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясына тоқталып, онда азаматтардың табиғатқа қамқорлығы ұлттық дүниетанымның басты қағидаты ретінде бекітілгенін еске салды. Ол бұл құжат ел бірлігінің арқауы болатынына сенімді.
«„Таза Қазақстан“ тұжырымдамасының түпкі мәні тек көше тазалығы емес. Бұл – Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығы», – деді Мемлекет басшысы.
Ол табиғат игіліктерін ұқыпты пайдаланып, саналы тұтынуды қолдайтын азаматтардың қатары көбейіп келе жатқанын атап өтіп, мұны жарқын болашақтың кепілі деп бағалады.
«Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз.»
—
Президент сөзінің соңында барша халыққа амандық пен бақ-береке тіледі.
