Қазақстан мен Моңғолия президенттері Астанада шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің тарихи және мәдени байланыстарының тереңдігін атап өтті.

««Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас ел, көшпенділердің ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесін бөлмеген көрші. Халқымыздың өмір салты мен әдет-ғұрпы өте ұқсас. Құрметті Президент мырза, сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр ел экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз», – деді президент.»

Өз кезегінде Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға 20 жылдан кейін мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

««Сіздің екі жыл бұрынғы біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл оқиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылады. Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. Бүгін де бірқатар маңызды құжат қабылданады», – деді Моңғолия басшысы.»