Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыруға және аймақты қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақтағы құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Бұл бағдарлама аясында инфрақұрылымды дамыту, үйлер, тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салу көзделген.
«– Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі ретінде еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.»
—
Сонымен қатар Президент еліміздің халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибесімен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісуге әзір екенін атап өтті. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдау үшін далалық госпиталь құратын бір топ медицина маманын және бақылаушылар жіберуге дайын.
Тоқаевтың айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты даму үшін жаңа тәсілдер қажет. Осыған байланысты Қазақстан «Ибраһим келісімдеріне» қосылу жөнінде шешім қабылдаған.
«– Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ, – деді Мемлекет басшысы.»
—
Өз кезегінде АҚШ Президенті Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесіне қатысушыларға ризашылығын білдірді. Ол Қазақстанды «керемет әрі бай ел» деп сипаттап, саммитке келген мемлекеттер басшыларын «нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар» деп атады.
Іс-шара барысында Газа секторын қалпына келтіру, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды. Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга қаржы механизмдерінің ашық болатынын жеткізсе, Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
