Түркістан облысының 66 жастағы тұрғыны тойда құттықтау сөз сөйлеген кезінде музыканы харам деп, әншілерді шайтанның азаншысына теңеген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдеме жасаған ер адамды анықтады. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Полиция мәлімдемесінде: «Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етеді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді», - делінген.

Бұған дейін ер адамның тойдағы «уағызынан» кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасаған болатын. Мүфтияттың хабарлауынша, ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді.