Түркістан облысында тойдағы құттықтау сөзінде музыканы харам деп, әншілерді шайтанның азаншысына теңеген ер адам қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 66 жастағы тұрғынның сөздерінде діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамағанын хабарлады.
ІІМ Қазақстан Конституциясында еліміздің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілгенін еске салды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынады.
Сонымен қатар сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді. ІІМ адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертеді.
