Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі төртінші ұялы байланыс операторы не себепті құрылмай жатқанын түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтың айтуынша, қатарлық инвесторға Tele2 сатылғанда келісімшартқа нақты талап енгізілген болатын.

«Оған сәйкес, біз осы жылдың аяғына дейін 5G-ге лицензия бере алмаймыз. Жаңа ұялы байланыс операторларын да құруға болмайды. Әзірше бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ. Сондықтан дәл қазір бола ма, болмай ма, оны айтқан дұрыс емес», — деді Сейсембеков үкіметтегі брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, жоспар өзгерген жоқ. Министрлік халықаралық тәжірибені зерделеп жатыр. Бүгінде көптеген мемлекетте екі, ары кетсе, төрт ұялы байланыс операторы бар.

«Төртінші ұялы байланыс операторы құрылса, инфрақұрылым мен қызмет жақсарып, тариф төмендеуі керек. Ал бұның бәрі болмаса, төртінші операторды құрудың қажеті қанша? Сондықтан бүгінде біз талдау жасап жатырмыз. Бірақ қандай да бір жоспар құрып жатқан жоқпыз», — деді комитет басшысы.