Қостанай облысы Нечаевка ауылы маңындағы Тобол өзенінде іздеу жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар суға батқан ер адам мен қыздың денелерін судан шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, іздеу екі күнге созылды. Бірінші күні сүңгуірлер баланың денесін тауып, судан шығарды. Келесі күні құтқарушылар ер адамның денесін тапты.
«Іздеу жұмыстары кезінде мамандар Тобол жағалауының 2,5 шаршы шақырымын жаяу тексерді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен шамамен 12,05 гектар аумақ зерттелді, сүңгуірлер акватория түбінің 39 мың шаршы метрін тексерді», — деп хабарлады ТЖД.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қаза тапқан қыз 12 жаста болған. Оны тәрбиелі, қарапайым оқушы, олимпиадаларға қатысушы және инженерлік модельдеу бойынша конкурстардың жеңімпазы ретінде сипаттайды.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін «Курсив» Астана маңындағы жағажайда екі қыздың қазасын полиция тергеп жатқанын жазған болатын.
