Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы қарсаңында қорғаныс министрлері Чолпон-Ата қаласына жиналды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мен Ресей қорғаныс ведомстволарының кездесуі

Қорғаныс ведомствосының басшысы Айдос Мырзахметов Ресей және Қырғызстан әріптестерімен кездесулер өткізді.

Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Андрей Белоусов генерал-майор Айдос Мырзахметовты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, оның бұл қызметтегі жұмысы екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында тараптар сондай-ақ әскери саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашақ перспективаларын талқылады.

ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы

Чолпон-Атада ТМД елдерінің қорғаныс министрлері бас қосты. Іс-шараға ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшысы Айдос Мырзахметов Ресей және Қырғызстан әріптестерімен жеке кездесулер өткізген болатын.