Тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымына қарсы жұмыстар аясында 2026 жылдың басынан бері 56 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 23 млн теңгеге айыппұл салынған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ең көп бұзушылық Алматы қаласында тіркелген. Мұнда жыл басынан бері 15 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Тексеру барысында тіркелмеген дәрілердің 17 атауы бойынша 49 қаптама анықталып, бір іс сотқа жіберілген.
Маңғыстау облысында азаматтардың шағымы негізінде Ақтау қаласында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында дәрілерді лицензиясыз сату және оларды әлеуметтік желілерде жарнамалау фактілері анықталды. Нәтижесінде 16 түрлі тіркелмеген дәрінің 219 қаптамасы (жалпы құны 2,5 млн теңгеден астам) тәркіленді. Сот шешімімен айыппұл салынып, өнім жойылды және қызметі уақытша тоқтатылды.
Жалпы алғанда бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2025 жылы 162 әкімшілік хаттама толтырылып, 77 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар интернет арқылы заңсыз дәрі сату фактілеріне де бақылау күшейтілген. 2025 жылы 20-дан астам заңсыз контент жойылды, ал 2026 жылы 128 интернет-ресурсқа шектеу қою жұмыстары басталды.
