Әлемдегі ең толық тираннозавр қаңқаларының бірі Sotheby's аукционына қойылды. Ұйымдастырушылар оны $30 млн-ға (14,1 млрд теңге) сатуды күтеді, бірақ баға одан да жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Экземпляр Гас (Gus) деп аталды. Оның ұзындығы 11,5 метрге жуық, биіктігі шамамен 3,8 метр. Сарапшылардың бағалауынша, қаңқа жалпы сүйек массасының 75–80% шамасында сақталған, бұл оны Tyrannosaurus rex-тің ең толық белгілі үлгілерінің біріне айналдырады.
Қазба қалдықтары 2023 жылы АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатындағы Хардинг округінен табылды. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін мамандар үш жылға жуық уақыт бойы қаңқаны тазалау, қалпына келтіру, құжаттау және мұражай экспозициясы үшін жинаумен айналысты.
Аукцион 14 шілдеде Нью-Йоркте өтеді. Sotheby's мұражайлар мен ғалымдар ғана емес, сонымен қатар сирек кездесетін экспонат үшін миллиондаған доллар төлеуге дайын жеке коллекционерлер тарапынан да қызығушылық күтеді.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle тираннозаврдың қайта жасалған терісінен жасалған сөмкенің Париждегі аукционда мыңдаған еуроға сатылғаны туралы жазған болатын.
