Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов акциялардың қосымша орналастыруы (SPO) арқылы $300 млн тартты. Қаражат Freedom компаниясының әлемдік нарықтардағы қызметін кеңейтуге жұмсалады, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Freedom Holding Corp. 2,4 млн акцияны SPO аясында орналастырды. Акциялар бір данасы үшін $126,35 бағасымен сатылды. Осылайша, Freedom Holding Corp. бас директоры және бақылаушы акционері Тимур Турлов $300 млн тарта алды.

Компания акциялары Nasdaq биржасында сатылады, алайда орналастыру АҚШ-тан тыс жерде жүргізілді және американдық азаматтар мен компаниялар үшін қолжетімсіз болды.

Тимур Турловтың айтуынша, тартылған қаражат бизнестің одан әрі өсуін қолдауға және шетелдік нарықтардағы қатысуды кеңейтуге бағытталады.

«Мен Қазақстанда командамен бірге құрған цифрлық инфрақұрылым біз жұмыс істейтін барлық аймақтарда сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті болатынына сенімдімін», – деді Freedom Holding Corp. бас директоры.

Орналастырудан кейін Freedom компаниялар тобының акцияларының құны қазан айынан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Бағалы қағаздар $166,09 деңгейінде жабылып, 3,42%-ға өсті.

Соңғы айларда холдинг халықаралық қызметін белсендірді. Компания Францияда банктік лицензия алуға өтініш берді. Еуропалық экспансия аясында холдинг цифрлық банк құруға және жергілікті инфрақұрылымды дамытуға 500 млн еуро жұмсауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Freedom Holding Corp. Turkish Bank AS компаниясының 99,32% сатып алуға түрік реттеушілерінің мақұлдауын алды. Тимур Турловтың айтуынша, Freedom үшін Түркия стратегиялық нарық болып табылады және холдинг оған нақты түсінікпен шығады.

Freedom сондай-ақ Қазақстанда әмбебап банктік лицензия алды.