25 жастағы қазақстандық теннисші Тимофей Скатов (әлемдік рейтингте 178-орын) Уимблдон турнирінің іріктеу кезеңінің екінші айналымында 30 жастағы швед Элиас Имерді (185-орын) 6:4, 6:1 есебімен жеңді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші сетте петропавлдық теннисшіге бесінші геймде бір брейк жеткілікті болды, ал екінші сетте оның басымдығы одан да айқын көрінді. Скандинавиялықтың подачасын үш рет алып, Скатов матчты 69 минутта аяқтады.

Іріктеудің бірінші айналымында Тимофей аргентиналық Алекс Барренаны (207-орын) 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңген болатын.

«Үлкен дулыға» турнирінің негізгі торына жолдама алу үшін Скатовқа үш сатылы іріктеудің тағы бір матчын жеңу керек. Оның келесі қарсыласы италиялық Андреа Герриери (229-орын) немесе француз Кириан Жаке (136-орын) болады.

Уимблдонның негізгі торында Скатов қазақстандық теннис өкілдері Елена Рыбакинаға (2-орын), Анна Данилинаға (6-орын), Александр Бубликке (11-орын), Юлия Путинцеваға (85-орын) және Александр Шевченкоға (98-орын) қосылуы мүмкін. Жеке разрядтағы турнирлердің жеребесі 26 маусымда өтеді.

Жұптық разрядтар мен микст, сондай-ақ қазақстандықтар қатысатын юниорлық турнирдің торлары кейінірек белгілі болады.

Ұлыбританияның ашық теннис чемпионаты (Уимблдон-2026) 29 маусымнан 12 шілдеге дейін Лондонда өтеді. Бұл маусымдағы үшінші «Үлкен дулыға» турнирі және шөп жамылғысында өтетін жалғыз турнир.

Жүлде қоры – £64,2 млн (өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық). Жеке разрядтардағы чемпиондар мен финалистер сәйкесінше £3,6 млн және £1,8 млн алады.

Уимблдонның негізгі торына, басқа үш мэйджордағыдай, жеке разрядтарда 128 ойыншы, жұптық разрядтарда 64 дуэт және миксте 32 дуэт кіреді.

Уимблдонның қазіргі чемпиондары – италиялық Янник Синнер және поляк Ига Свентек.