Қазақстанда екі айда террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы сәуір-мамыр айларында ҰҚК тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Сотталғандардың бірі — Астана қаласының тұрғыны. Ол әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттаған, сондай-ақ айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екінші сотталған — Шымкент қаласының тумасы. Ол айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталды. Олар Ғаламторда және өз айналасында экстремистік материалдарды таратты, террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілінді.

Қылмыстық кодекстің тиісті баптарында сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.