Каспий теңізінен өздігімен аман шыққан Қуандық Бекеттің жағдайы жақсы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы сарбаздың әкесі Бақтыбек Кенжеғұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді. Бекет Қуандық әскер қатарына былтыр 2 қазанда аттанған.
Дзюдодан спорт шебері дәрежесі бар Бекет негізі студент. Дәл туған күнінде әскери комиссариатқа ешкімге айтпай өзі барып, әскер қатарына сұранып кеткен.
«Бекетім аман, жаңа апасы, анасы, бәріміз кіріп шықтық. Достарынан айырылып, көңіл-күйі жабырқап тұр. Біз оқиға туралы әлеуметтік желіден естідік. Жол бойында хабарласып отырдық, марқұм сарбаздардың тізімінде болмады. Аман екенін содан білдік», - дейді әкесі Бақтыбек Кенжеғұлов.
Сарбаздың әкесіне айтуынша, теңізде әскерилерді бірден терең жерге түсіріп жіберген. «Бірден тереңге секіртіп жіберді деді. Басқа балалар шошып, жанталасып, айқайлаған. "Мен қорықпай сабырмен жағаға жүздім" дейді Бекет. Біз ауылда дәмханаға тапсырыс беріп, тоқымқағар той жасайық деп дайындалғанбыз. Достарымнан айырылып қалай тойлаймын" деді», - дейді Бақтыбек Кенжеғұлов.
24 қыркүйек - Бекеттің екінші туған күні. Дәл оқиға болардан бұрын анасы 4-5 күн баласын ерекше сағынып, жанын қоярға жер таппай, қатты мазасызданған.
«Бекет денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын оқып жүрген. Жайықта жүзіп үйренгендігі бар, соның арқасында да аман қалып отыр. Артымнан кім шыққанын көрмедім, мені бірден көлікке салып алып кетті деді Бекет. Басқа сарбаздарды ойлап, жүрегіміз қан жылап жүр. Олар бәріміздің, бар қазақтың баласы», - дейді Бекеттің әкесі.
