Маңғыстау облысы Шетпе ауылының тұрғыны, 20 жастағы Әсет Жаңабай теңізде қаза тапты. Оның туыстары марқұмның соңғы өтініші туралы айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарбаздың соңғы өтініші анасын көріп қайту болған. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне марқұм сарбаздың әпкесі айтты.
Әсетті ауылдастары да, достары да ерекше күйзеліспен еске алуда. Ол елдің бәрін дос көретін, ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі, ауызын ашса жүрегі көрінетін жан болған.
Әпкесі оны соңғы рет көргендегі сәттерімен бөлісті.
«Қыршыннан кетті-ау... Қайбір істің шешімі бар деуші ем, қолымнан дым келер емес. Інімнің достары көп болатын, қашан да жүрген жерінен, жолынан адаммен тез тілдесіп кетуші еді. Жасына қарамай, бәрін досым дейтін», — дейді сарбаздың әпкесі.
Әсет Жаңабай Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып, 3 қыркүйекте ауылына оралу керек болған. Ажалдан бес күн бұрын жас жігіт 20 жасқа толған.
«20 қыркүйек сөйлескенбіз. Сол күні папамыздың ағасы той жасап еді, сол тойда болып, қоштасып кетті ғой жаным. "Мамаға барайыншы, көріп қайтайыншы, туысқандарымды көрейін" деп айтқан екен. Сонымен бүкіл туысымен қоштасыпты, соңғы көргеніміз екен жарығымды, жұлдызымды», — дейді әпкесі.
Туысы туған күніне ақша сала алмағанын айтып, көкірегі қарс айырылып өкінетінін жеткізді.
«Сол күні туған күні болғасын тиын ештеңе аудара алмадым. Сосын 24-інен кейін хабарласшы деп едім. "Айлық түседі, қалағаныңды ала ғой" деп, ертең келетін гүліне де ақшасын қосып жібергім келген. Өзіңнен бұрын қаралы хабарың бірінші келді ау! 24-і деп неге айттым, неге... Бүгін, міне, айлығымды алдым, інімнен осындай хабар күттім бе», — деп әпкесінің еңірегенде етегі жасқа толып отыр.
Әсет суда жүзе алмайтын. Sputnik Қазақстан тілшісінің телефон қоңырауын көріп, туыстары абдырап қалған.
«Сіз телефон соққанда Әсет пе деп қалдым. Кейде бөтен номерлермен телефон соғатын еді. Қайтейін, түк келмейді қолымнан, суық денесін құшақтап қана қалдық. 4-5 күн бұрын туған күні болып, демалыс алып, күйеуімнің жұмысына келгенде теңізге түсетінін айтқан. Менің күйеуім "сен жүзіп білмейсің ғой" дегенде, "мен жағасында жүремін ғой" деп айтқан екен», — дейді әпкесі.
Марқұмның туыстары кішкентайынан қараңғыдан, адам жоқ жерден қорқатын баланы қара жердің суық қойнына қалай береміз деп боздады.
