10 ақпандағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы тағы да төмендеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Биржадағы кешкі сессияның қорытындысы бойынша америкалық валютаның орташа сараланған бағамы 491,88 теңгені құрады. Осылайша, бір тәулік ішінде доллар 2,64 теңгеге арзандаған.

Ұлттық валютаның нығаюына байланысты еліміздегі ақша айырбастау пунктерінде де бағам өзгерді. Қазіргі уақытта долларды орта есеппен 489-492 теңгеден сатып алып, 493-497 теңгеден сатып жатыр.

Ал еуроны сатып алу құны – 582-586 теңге, сату – 587-590 теңге аралығында белгіленді. Ресей рублін 6,3-6,35 теңгеден қабылдап, 6,41-6,45 теңгеден сатуда.

Сарапшылар теңгенің нығаюына мұнай бағасының әсер етіп отырғанын айтады. ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың сәуір айындағы фьючерстерінің құны бір баррель үшін 68,9 долларды құрап отыр.

Фото: Әлеуметтік желіден