Қарағанды облысында шалғай аудандар тұрғындарына қашықтықтан медициналық қызмет көрсету жүйесі кеңейтілуде. Денсаулық сақтау министрі Акмарал Альназарова өңірге сапары барысында Бухар-Жырау ауданындағы жаңа медициналық нысанның жұмысымен танысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Амбулатория 1,5 мыңнан астам тұрғынға, оның ішінде 400-ден астам балаға қызмет көрсетеді. Ол заманауи жабдықтармен толық жарақталған және кадрлармен қамтамасыз етілген», – делінген хабарламада.

Мұнда ауыл тұрғындары дәрігерге дейінгі қабылдау мен вакцинациядан бастап консультативтік-диагностикалық көмек пен телемедициналық қызметтерге дейінгі кең ауқымды медициналық қызметтерді аудандық және облыстық орталыққа бармай-ақ ала алады.

Сонымен қатар, амбулаторияда инсульт пен күрделі операциялардан кейінгі науқастарды оңалту, физиотерапия кабинеті, күндізгі стационар төсектері қарастырылған, жүкті әйелдерді қабылдауға жағдай жасалған.

Альназарованың айтуынша, облыста бүгінгі күні 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны салынған. Ол сапалы мамандандырылған медициналық көмекті тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір тұрғынға қолжетімді ету – басты міндет екенін атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 3,87 млн телемедициналық қызмет көрсетілген, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 19%-ға жоғары. Бүгінгі күні пациенттерге қашықтықтан 118 түрлі медициналық қызмет қолжетімді.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда дәрігерлік қателіктерді барынша азайтуға көмектесетін сараптамалық медициналық орталықтар жүйесін енгізу жоспарланып жатқанын жазған болатын.