Қазақстанда ұялы телефон нөмірін бір оператордан екіншісіне ауыстыру тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілуі мүмкін. Цифрлық даму министрлігі тиісті бұйрық жобасын көпшілік талқылауына ұсынды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Жаңа ережелердің негізгі мақсаты – клиенттерге қызмет көрсетуді жақсартып, нөмір ауыстыру процесін оңтайландыру.

Ең басты өзгерістердің бірі – операторлардың құқығына қатысты. Егер абонент нөмірді іске қосқан сәттен бастап 60 күн өтпесе, «оператор-донор» оны басқа желіге ауыстырудан бас тарта алады. Бұл шара нөмірді теріс мақсатта жиі ауыстырудың алдын алу үшін ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, оператордың нөмірді ауыстыру туралы сұранысқа жауап беру уақыты нақтыланады. Олар Абоненттік нөмірлердің орталық дерекқорына сұраныс түскен сәттен бастап 10 минут ішінде жауап беруге міндетті болады.

««Ұсынылған өзгерістер абоненттер үшін тиімді әрі ыңғайлы жүйе құруға, сондай-ақ пайдаланушылар мен қызмет көрсететін операторлардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған», – деп атап өтті құжатты әзірлеушілер.»