Цифрлық таңбалау жүйесі дәріханаларда тегін берілетін дәрі-дәрмектерді қайта сатудың 25 мыңнан астам жағдайын анықтады, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы екі жылда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі алғаш рет дәрілік препараттар айналымының нақты көлемін сенімді бағалауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шамамен 1 миллиард дәрілік препарат бірлігі таңбаланды. Оның ішінде шамамен 604 миллион бірлігі – импорттық дәрілік заттар, ал 400 миллион бірлігі – отандық өндірушілердің өнімдері.
Сонымен қатар, 457 миллионнан астам қаптама айналымнан шығарылып, түпкілікті тұтынушыларға өткізілді. "Таңбалау жүйесін енгізудің маңызды нәтижелерінің бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі болды. Жүйе тегін дәрілік қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың дәріханаларда қайта сатылуының 25 мыңнан астам жағдайын тіркеді", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін бұрын сатылған препараттарды қайта өткізу, қаптамаларды ауыстыру немесе жарамдылық мерзімін заңсыз өзгерту сияқты заң бұзушылықтар негізінен бақылау тексерістері барысында анықталатын.
