Иран ресми түрде Украинаға соққы беруі мүмкін екенін ескертті. Тегеранның бұлайша сес көрсетуіне Киевтің Израильге әскери қолдау көрсетуі себеп болуы ықтимал, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы егер Украина Израильге дрон жеткізу сияқты әскери көмекті жалғастырса, қатаң жауап болатынын айтты.

««Егер Киевтегі билік Израильге әскери көмек көрсетуді, соның ішінде дрон жеткізуді жалғастырса, Украина аумағы Иран үшін заңды әскери нысанаға айналуы мүмкін», — деді комитет төрағасы.»

Бұған дейін Владимир Зеленский Украинаның Таяу Шығыс елдерімен ирандық дрондарға қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын күшейткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, украиналық мамандар мен дронға қарсы жүйелер Иордания аумағына жіберілген. Қазірдің өзінде Украинадан әскери көмек сұраған мемлекеттер саны 11-ге жеткен.

Кейбір деректер бойынша, Сауд Арабиясы да Украинамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан. Айта кетейік, Ресей мен Иран қазір әскери одақтас саналады. Киевтің мәліметінше, Тегеран Мәскеуге мыңдаған «Шахед» дронын және оларды өндіру технологиясын берген.