«Таза Қазақстан» бастамасына қатысушылар саны 7 миллион адамнан асты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы бастамаға 6 миллион адам қатысса, осы жылдың қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейін 7 миллионнан астам азамат атсалысқан.

Отырғызылған ағаштар мен көшеттер

«Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру басталғаннан бері елді мекендерде 7 миллионнан астам ағаш, ал мемлекеттік орман қорының аумақтарында 1 миллиардтан астам тұқым мен көшет отырғызылды.

Сонымен қатар, 6 жыл ішінде 18,1 миллион ағаш отырғызылды. Орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында осы кезеңде 1 миллион гектардан астам алқапқа шамамен 1,7 миллиард ағаш отырғызылды. Қазақстанның орманды алқаптарының көлемі 14 миллион гектарға жетті.

Экологиялық білім және цифрландыру

Өскелең ұрпақтың экологиялық біліміне және кері байланысты цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. 265 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «Жасыл балабақша» бағдарламасы енгізілген, мектептерде 560 мыңнан астам тақырыптық сынып сағаттары өткізілген.

TazaQazBot Telegram-арнасы іске қосылып, ол арқылы елді мекендердің аумағын абаттандыру мәселелері, санитарлық жағдайы жөнінде 57 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Қоқыс жинау және өңдеу

Аумақтарды санитарлық тазарту аясында 9 мыңнан астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, 3,8 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Бүгінде мемлекет қалдықтар мәселесін жүйелі түрде шешуге көшті, оларды жинаудан бастап терең өңдеу және кәдеге жаратуға дейінгі кешенді шараларды қолға алды.

Мысалы, шетелдік инвесторларды тарта отырып, Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын және қуаты тәулігіне 4,4 мың тоннаға дейін жететін заманауи қоқыс өңдеу кешендері салынуда.

Жаңа нысандар қоқысты көмуден Waste-to-Energy (қайта өңделмейтін фракциялардан электр энергиясын өндіру) технологиясына көшуге мүмкіндік береді, бұл өңірлердегі полигондарды босатуға септік етпек.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салу жөніндегі осындай жобалар Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және еліміздің басқа да ірі қалаларында жоспарлануда.

Қаржыландыру және EcoQoldau бағдарламасы

«Кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобалар қаржыландырылуда. Бүгінгі таңда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, мәселен, мақұлданған жалпы сомасы 371,9 миллиард теңге болатын 68 жобаның 122,6 миллиард теңгелік 34 жобасы қаржыландырылды. Бұл ретте оның 9,9 миллиард теңге болатын 15-і пайдалануға берілді. Сонымен қатар, EcoQoldau бағдарламасы аясында қағаз, шыны, шиналар мен пластикті қоса алғанда, қалдықтардың 162 мыңнан астам түрін жинауға 5,3 миллиард теңге бағытталды», — делінген үкімет хабарламасында.