Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайды талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы қазіргі қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Бахрейн халқына тілектес екенін білдірді. Сондай-ақ Иранға қарсы соғысқа қатыспаса да, зымыран шабуылына ұшыраған Бахрейн мен басқа да елдердің бейбіт инфрақұрылымына қатысты алаңдайтынын айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жағдайды одан әрі ушықтыруға қарсы екенін және кез келген қақтығысты тек диалог пен дипломатия арқылы бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын нақтылады.»

Өз кезегінде король Хамад бен Иса Әл Халифа Қазақстан президентіне ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты. Ол екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарды жандандыруға мүдделі екенін растады.

Тараптар достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға келісіп, қасиетті Рамазан айында екі ел халқына амандық пен береке тіледі.