Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен телефон арқылы Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы қазіргідей қиын сәтте бауырлас Оман халқына тілектестік білдіріп, Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Шығанақтағы елдердің бейбіт нысандарына әуеден шабуыл жасалуына алаңдайтынын жеткізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жағдайды ушықтыруға қарсы екенін және тараптарды қақтығысты тек диалог пен дипломатия арқылы шешуге шақыратынын мәлімдеді.»

Сондай-ақ Президент аймақтағы бітімгерлік әрекеттерге белсене атсалысатын Оманның халықаралық беделін жоғары бағалады.

Әңгіме барысында Тоқаев қазақстандықтарды қақтығыс аймағынан Оман арқылы эвакуациялауға тікелей көмектескені үшін сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидқа ерекше ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде сұлтан шынайы қолдауы үшін алғыс айтып, қасиетті Рамазан айында Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтанын жыл соңына дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын растады. Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид бұл шақыруды ықыласпен қабыл алды.