Татарстанның Нижнекамск қаласында дрон шабуылынан Өзбекстанның жеті азаматы қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзбекстанның Қазандағы бас консулдығы жағдайдың бақылауда екенін және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жергілікті тергеу органдарымен байланыс орнатылғанын мәлімдеді.
Консулдық хабарламасында: "Сот-медициналық сараптама мен қажетті ресми рәсімдер аяқталғаннан кейін қаза болғандардың мәйітін Өзбекстанға жеткізу үшін тиісті шаралар қабылданады", - делінген.
Шабуылдың мән-жайы
Бүгін таңертең Татарстан аумағына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Нижнекамскіде өндірістік нысандармен қатар азаматтық нысандарға да соққы берілген.
Соңғы мәлімет бойынша, 13 адам, оның ішінде бір бала қаза болды. 75 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың 21-і ауруханаға жатқызылды.
Жедел шаралар
Татарстан басшысы Рустам Минниханов дрон шабуылының салдарын жедел жоюды тапсырды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Нижнекамскіге Набережные Челны қаласынан қосымша дәрігерлер бригадалары жіберілді.
Татарстанда қаралы күн жарияланды. Ресей Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады.
Ведомствоның мәліметінше, шабуыл жасалған нысандарда әскери қимылдарға қатысы жоқ бейбіт тұрғындар болған.
