Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қайық аударылып, суға кеткен ер адамды құтқарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, Қырғызстан азаматтарының тобы су көлігімен балық аулауға шыққан. Біраз уақыт өткен соң құтқару қызметіне су айдынында оқиға болғаны туралы хабарлама түскен.

Акваторияны патрульдеу кезінде жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу оқиға орнына жеткен.

«Қайық аударылып, балықшылардың бірі суға кетті», — деп хабарлады ТЖМ.

Құтқарушылар ер адамды жедел тауып, оны бортқа көтерген. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

«Қатты желдің салдарынан мені жағадан алыстатып кетті, содан кейін қайық аударылды. Мен жағаға қарай жүзіп келе жатқанда, мені ТЖМ қызметкерлері байқады. Олар тез арада көмекке келіп, мені судан шығарды. Құтқарушыларға үлкен рахмет», — деді зардап шеккен адам.

ТЖМ аймақ тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, құтқару кеудешелерін пайдалану және қолайсыз ауа райы жағдайында суға шықпау қажеттігін еске салады.

Бұған дейін «Курсив» ТЖМ қызметкері салмағы 165 тонна вагонды сүйреп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатқаны туралы жазған болатын.

Сондай-ақ, Ақмола облысында құтқарушылар ерекше шақыртуға шыққаны хабарланды: көмек сауысқан балапанына қажет болған.